Шуда полицейлер 50 келіден астам марихуана тәркіледі: жергілікті екі тұрғын ұсталды

Шуда полицейлер 50 келіден астам марихуана тәркіледі: жергілікті екі тұрғын ұсталды

ҚР Ішкі істер министрлігінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті, Жамбыл облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы және Ұлттық ұланның №6506 «Бүркіт» әскери бөлімінің әскери қызметшілері бірлесіп жүргізген іс-шара барысында 50 келіден астам есірткі затын тасымалданған автокөлік тоқтатылды.

Арнайы операция жедел ақпарат негізінде Шу қаласындағы Сәтпаев көшесінде жүргізілді. Полицейлер «Mazda» маркалы автокөлігін тоқтатып, ішінде болған екі жергілікті тұрғынды — жүргізуші мен жолаушыны ұстады.

Көлікті тексеру кезінде артқы орындығынан үш қап, ал жүксалғышынан тағы екі қап табылды. Қаптардың ішінде өзіне тән иісі бар өсімдік тектес зат болған.

Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат — кептірілген марихуана есірткісі екені анықталды. Жалпы салмағы 51 келі 190 граммды құрады.

Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабының 4-бөлігімен (аса ірі мөлшердегі есірткі заттарын тасымалдау) сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды.
Ұстау шарасы облыстық прокуратураның үйлестіруімен жүргізілді.