Жазғы демалыс – мектеп оқушылары үшін тынығу мен жаңа әсерлерге толы уақыт. Алайда дәл осы кезеңде балалардың қиын өмірлік жағдайға тап болу, құқық бұзушылықтың құрбаны немесе қатысушысы болу қаупі артады.
Осындай жағдайлардың алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері жазғы демалыс орындарында белсенді түрде профилактикалық жұмыстар жүргізуде.
Демалыс басталғалы бері инспекторлар мектеп жанындағы және қала сыртындағы лагерьлерге, сауықтыру орталықтарына, спорт секцияларына баруда. Профилактикалық іс-шаралар аясында балалармен және жасөспірімдермен әңгімелер, интерактивті дәрістер мен тренингтер өткізіледі.
Негізгі тақырыптар – құқықтық жауапкершілік, көшеде, үйде, су жағасында және интернетте қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелері. Ерекше назар буллингке, зорлық-зомбылыққа және тәуелділіктің алдын алуға бағытталған.
Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлар балаларға заңға бағынудың, айналадағыларға құрметпен қараудың және өз іс-әрекетіне жеке жауапкершіліктің маңыздылығын түсіндіреді.
Жеке қозғалыс құралдарын — самокат, велосипед және тағы басқаларды қолдану кезінде жол қозғалысы ережелерін сақтау мәселесіне де ерекше мән беріледі.
Профилактикалық жұмыс тек жасөспірімдермен ғана емес, ересектермен — тәрбиешілермен, тәлімгерлермен, ата-аналармен де жүргізіледі. Оларға қауіпсіздік шаралары, төтенше жағдайлар кезіндегі әрекет ету алгоритмдері және жасөспірімге көмек қажет екенін көрсететін белгілер туралы ескертіледі.
Полиция қызметкерлерінің айтуынша, жүйелі профилактика — балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі, сондай-ақ қоғамдағы тұрақтылықты нығайтудағы маңызды қадам. Себебі мәселенің салдарымен күрескенше, оның алдын алған әлдеқайда тиімді.