ШҚО полицейлері шайбалы хоккей турнирінің екі дүркін чемпионы атанды

ШҚО полицейлері шайбалы хоккей турнирінің екі дүркін чемпионы атанды

                                                                                                   ШҚО полицейлері шайбалы хоккей турнирінің екі дүркін чемпионы атанды

Өскемен қаласында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің кубогына арналған ішкі істер органдары бөліністері арасындағы шайбалы хоккейдің турнирі өз мәресіне жетті.

Бұл спорттық іс-шараны екі маңызды күнге – Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамының құрылғанына 100 жыл толуына арнады.

Төрт күн бойы еліміздің жеті өңірінен келген полиция қызметкерлері мұз айдынында бақ сынасты. Жарыс аса тартысты әдемі командалық ойын, үйлесімді пас алмасу, сенімді қорғаныс пен жарқын голдар мен жанкүйерлерге ерекше эмоциялар мен көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Турнир қорытындысы бойынша финалға төрт үздік команда шықты: «ҚР ІІМ МКҚБ», «Титан» (ШҚО), «Достар» (СҚО) және «Astana police» (Астана қ.).

Шешуші ойында мұз иелері – Шығыс Қазақстан полицейлерінің «Титан» командасы жеңіске жетіп, Ішкі істер министрінің кубогын қатарынан екінші мәрте иеленді.

Күміс жүлдені Солтүстік Қазақстан облысының «Достар» командасы жеңіп алса, қола жүлде елордалық «Astana police» хоккейшілеріне бұйырды.

Жеңімпаздарды ШҚО Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Ерлан Омарбеков марапаттады:
– «Бұл турнирдегі әр ойын – жай ғана спорт емес, бұл – тәртіптің, командалық жұмыстың және мінездің көрінісі. Бұл қасиеттерсіз полицей қызметін елестету мүмкін емес. Барлық қатысушыларға жеңіске деген жігері мен тамаша ойыны үшін алғыс айтамын», – деді ол.

Жекелей номинациялар бойынша үздік ойыншылар да марапатталды:
«Үздік шабуылшы» – Георгий Обухов (ШҚО ПД),
«Үздік қорғаушы» – Марат Нажмиденов (ҚР ІІМ МКҚБ),
«Үздік қақпашы» – Жандос Жанлашев (Астана қ. ПД),
«Турнирдің үздік ойыншысы» – Алимхан Қожабеков (СҚО ПД).

Турнирге қатысушыларға ШҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов та жылы лебізін білдірді:
– «Қазақ хоккейінің отанында осындай деңгейдегі турнирді екінші мәрте қабылдау – біз үшін үлкен мәртебе. Қызметтік спортты дамытуға қолдау көрсетіп отырған ІІМ басшылығына алғыс айтамын», – деді ол.

Полицейлердің айтуынша, Ішкі істер министрінің кубогына арналған турнир – құқық қорғау органдары қызметкерлерін біріктіретін жақсы дәстүрге айналды. Өйткені мұз айдынында да, өмірде де күш пен төзімділікпен қатар, жанындағы серіктеске сенім арту – басты құндылық.


                                                                                                                                                                                                             ШҚО ПД баспасөз қызметі