ШҚО-да полицейлер мен құтқарушылар жоғалып кеткен мектеп оқушысын тапты
17 сәуірге қараған түні Зайсан аудандық полиция бөліміне қала тұрғыны кәмелет жасқа толмаған қызының жоғалғанын айтып, көмек сұрап жүгінген. Қыз бала алдыңғы күні кешке үйден шығып кетіп қайтып оралмаған және онымен байланыс болмаған.
Іздеу жұмыстарына жедел түрде полицияның жеке құрамы мен құтқарушылар жұмылдырылды, сондай-ақ, еріктілер мен бей-жай қарамайтын тұрғындар қосылды. Бұдан бөлек іздеуге қызметтік иттер қатысты, ал ТЖД қызметкерлері қол жеткізу қиын аумақтарды дронның көмегімен зерттеуге кірісті.
15 сағаттан кейін жасөспірімнің табылған жері анықталды. Полицейлер кәмелет жасқа толмаған қызбен және оның ата-анасымен алдағы уақытта мұндай жағдайларға жол бермеу мақсатында профилактикалық әңгіме жүргізді.
Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаменті іздеу жұмыстарына қатысқан барлық азаматтарға алғыс білдіреді.
Құқық қорғау органдары балалардың қауіпсіздігі — бәрімізге ортақ жауапкершілігіміз екенін еске салады. Жасөспірімдердің көңіл-күйі мен мінез-құлқына мұқият қарап, олармен сенім, қолдау және мүмкін болатын қауіптер туралы үнемі сөйлесіп отыру маңызды.
ШҚО ПД баспасөз қызметі