ШҚО ПД Наурыз мейрамы қарсаңында Ұлттық киім және дәстүрлер күнін атап өтті
Қазақ халқының ең маңызды мерекелерінің бірі – Наурыз мейрамы қарсаңында Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінде ұлттық киім мен дәстүрлерге арналған мерекелік іс-шара өтті.
Полиция қызметкерлері тек дәстүрлі киім үлгілерін көрсетіп қана қоймай, сондай-ақ «Тұсау кесу» рәсімін өткізді. Бұл – сәбидің алғашқы қадамын білдіретін, балаға күш-қуат, ақыл-даналық және сәттілік сыйлайды деген нанымға негізделген ежелгі салт-дәстүріміз. Дәстүр бойынша, тәй-тәй басқан баланың аяғына түрлі-түсті жіп байлап, оны көпке үлгі, ел арасында сыйлы адам кеседі. Тұсау кесу құрметі ШҚО ПД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Серік Манаповқа берілді. Ал, рәсімнің басты кейіпкері ретінде патрульдік полиция батальонының қызметкері, полиция аға лейтенанты Ерасыл Әскербековтің ұлы Хан болды.
Мерекеге ішкі істер органдары ардагерлер кеңесінің өкілдері де қатысып, ұлттық құндылықтарды сақтау мен оларды жас ұрпаққа жеткізудің маңыздылығын атап өтті.
Халық әндері шырқалып, жылы лебіздер айтылып, достыққа толы ерекше атмосфера бұл күнді шынайы мерекеге айналдырды.
Құқық қорғау органдары қазақ халқының мәдени мұрасына құрметпен қарай отырып, оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуге атсалысады.
Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаменті баршаңызды Наурыз мейрамымен құттықтап, әр отбасыға амандық, бейбітшілік пен бақ-береке тілейді!
ШҚО ПД баспасөз қызметі