Қоғамдық орындардағы құқықтық тәртіп: ШҚО бейнебақылау камералары құқық бұзушыларды анықтауда
Шығыс Қазақстан облысының полицейлері қоғамдық орындарды ластаумен байланысты құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында тұрақты түрде профилактикалық жұмыстар жүргізуде.
Облыс орталығы тұрғындарының арасында кеңінен таралған әрі жиі кездесетін құқық бұзушылық – қоршаған ортаның тазалығына немқұрайлы қарау, яғни қоқыс пен қалдықтарды белгіленбеген жерлерге тастау.
2024 жылдың қорытындысы бойынша полицейлер қоғамдық орындарды ластағаны үшін 1190-ден астам әкімшілік құқық бұзушылықты анықтаған. Ал ағымдағы жылдың алғашқы 8 күннің өзінде 25-ға жуық факті тіркелген.
Ұсақ бұзақылықтың басым бөлігі Жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары арқылы анықталады. ЖБО камераларының көмегімен 500-ге жуық құқық бұзушылық тіркелгенін айта кеткен жөн. Қазіргі таңда барлық анықталған жағдайлар бойынша тәртіп бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Заң мен тәртіп – құқық қорғау органдарының басты қағидасы. Полицейлер Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (ҚР ӘҚБтК) 434-2-бабына сәйкес қоғамдық орындарды ластауға тыйым салынатынын ескертеді.
Облыс тұрғындары мен қонақтарын айыппұл мен басқа да жазаларға тап болмас үшін қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға шақырады.
ШҚО ПД баспасөз қызметі