Шығыс Қазақстанда жүргізушілер масаң күйде көлік жүргізуді жалғастыруда
Жаңа жылдың алғашқы бес күнінде Шығыс Қазақстан облысының құқық қорғау органдары мас күйінде көлік басқарған 23 жүргізушіні ұстаған, - деп хабарлайды ШҚО ПД баспасөз қызметі.
Кейбір құқық бұзушылар бұған дейін де осындай әрекеттері үшін жауапкершілікке тартылып, олардың көліктері тәркіленген болатын.
Ұсталғандардың арасында көлікке масаң күйде отырғандардың себептері әртүрлі болды: біреуі жұбайымен жанжалдасып қалып ішкен болса, енді біреуі жақындарын мерекемен құттықтауды сылтауға айналдырып, ащы сумен әуестенген.
Мысалы, Предгорное ауылында бір ер адам Жаңа жыл мерекесімен сүйіктісін құттықтау үшін масаң күйде рөлге отырған.
Осыған ұқсас жағдай Серебрянск кентінде де тіркелген. Онда жүргізуші жұбайымен ұрсысып қалып, кейіннен масаң күйінде көлік тізгіндеген.
Дәл сондай, үшінші жағдай Өскемен тасжолында орын алған. Онда туыстарына бара жатқан мас жүргізуші рөлге ие бола алмай, көлігімен кюветке ұшып кетіп, оған көмекке полиция қызметкерлері келген.
ШҚО Полиция департаменті көлікті масаң күйде басқарғаны үшін 15 тәулікке қамауға алу және 7 жылға жүргізуші куәлігінен айыру түріндегі жаза қарастырылғанын ескертеді.
Ал жасалған ескертулерге қарамастан, көлік тізгінін масаң күйінде қайта басқарғаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Бұл жағдайда жүргізуші куәлігінен өмір бойына айыру және 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады.
ШҚО ПД баспасөз қызметі