ШҚО полицейлері жүргізуші құқығынан айырылған үш мас жүргізушіні ұстады
Шығыс Қазақстан облысының полицейлері профилактикалық іс-шараларын өткізу барысында бұрын жүргізуші куәлігінен айырылған, көлікті мас күйде басқарған үш ер адамды ұстаған.
Мәселен, Алтай қаласында орта деңгейдегі мас күйде "ВАЗ-2101" маркалы автокөлігін тізгіндеген 45 жастағы тұрғынды тоқтатқан. Осыған ұқсас факті Риддер қаласында орын алған. Қала көшелерін патрульдеу кезінде орта дәрежелі масаң күйде көлік басқарған 51 жастағы тұрғын ұсталды. Тексеру барысында екі жүргізушінің де көлік құралдарын басқару құқығынан 7 жылға айырылғаны анықталды.
Облыс орталығының 38 жастағы тұрғыны өмір бойы көлік басқару құқығынан айырыла отырып, қайтадан орта дәрежелі масаң күйде рульге отырған.
Қазіргі уақытта аталған автокөліктер мамандандырылған автотұраққа қойылды.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 346-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеулер жүргізілуде.
Полиция қызметкерлері автокөлік жүргізушілерін мас күйде көлік жүргізбеуге және жол жүрісі қағидаларын сақтауға шақырады.
Мас жүргізуші жол қозғалысының барлық қатысушыларына: жаяу жүргіншілерге, жолаушыларға және басқа жүргізушілерге үлкен қауіп төндіреді.
Жол жүрісі қағидаларын елемеу және көлік құралын мас күйде басқару қайтымсыз салдарға әкелетіні есіңізде болсын!
ШҚО ПД баспасөз қызметі