
ШҚО полицейлері PREVECA II халықаралық бағдарламасы аясында оқудан өтті
Шығыс Қазақстан облысында «Құқық қорғау органдарына арналған зорлық-зомбылық экстремизмінің алдын алу» тақырыбында семинар-тренинг өтті.
Оқу Қоғамды дамытуға ақпараттық қолдау көрсету қорының Германияның халықаралық ынтымақтастық қоғамымен (GIZ) және ҚР ІІМ М. Есболатов атындағы Алматы академиясының оқытушыларымен бірлесіп ұйымдастырылды.
PREVECA II — Орталық Азия елдерінде зорлық-зомбылық экстремизмінің алдын алуға бағытталған халықаралық өңірлік бағдарлама. Қазақстанда ол Ішкі істер министрлігімен серіктестікте жүзеге асырылып, мамандарды оқытуды, ықтимал қауіптерді ерте анықтаудың практикалық құралдарын дамытуды және халықаралық тәжірибе алмасуды көздейді.
Тренингке Алтай ауданы полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі бөлімшесінің, сондай-ақ Риддер және Өскемен қалалары полиция бөлімдерінің қызметкерлері қатысты.
Қатысушылар қауіп белгілерін ерте анықтау, тәуекел тобындағы жасөспірімдермен жұмыс істеу және жастардың деструктивті әрекетке тартылуының алдын алу мәселелерін талқылады. Практикалық бөлімге ерекше көңіл бөлінді: полицейлер нақты жағдайларды талдап, топпен жұмыс істеп, тәжірибе алмасты.
Сонымен қатар кәмелетке толмағандардың құқықтық сауаттылығын арттыру және жастармен тиімді жұмыс жүргізу мәселелері қаралды.
Тренинг қорытындысы бойынша барлық қатысушыға сертификаттар табысталып, жекелеген номинациялар бойынша командалар мен полиция қызметкерлеріне алғыс хаттар берілді.
Тренинг барысында алған білімдері мен практикалық дағдыларды қызметкерлер кәмелетке толмағандармен күнделікті жұмыста қолданып, ықтимал қауіптерге жедел ден қоя алады.
ШҚО ПД баспсөз қызметі