
«Таза Қазақстан» акциясы: ШҚО-да стихиялы қоқыс орындарын жою жұмыстары жалғасуда
Шығыс Қазақстан облысында республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында тәртіпті қамтамасыз ету және рұқсат етілмеген қоқыс орындарын жою жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.
Өңірде ШҚО Полиция департаментінің аумақтық бөлімшелері мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдерінен құрылған 16 мобильді топ тұрақты негізде жұмыс істейді. Олардың басты міндеті – елді мекендердегі тазалықты сақтау, абаттандыру ережелерінің бұзылуына жол бермеу және азаматтардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыру.
Қалдықтардың стихиялы түрде жиналатын орындарын, әсіресе ірі габаритті қоқыстар жиі жиналатын контейнерлік алаңдардың аумағын анықтау және жою ісіне ерекше назар аударылуда.
Мәселен, полиция қызметкерлері аумақтық басқарма орталығының өкілдерімен бірлесіп, облыс орталығы аумағындағы қоқыс шоғырларын жою жұмыстарын жүргізді. Аталған учаскелерде ірі габаритті қалдықтарды тазарту шаралары атқарылды.
Жалпы, акция басталғалы бері Шығыс Қазақстан облысында 155 рұқсат етілмеген қоқыс орны анықталып, оның 130-ы жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп толығымен жойылды.
Бұдан бөлек, жыл басынан бері өңірде абаттандыру саласында 7 225 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. Заңнама талаптарының бұзылуына ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою үшін жергілікті атқарушы органдар мен заңды тұлғалардың атына 80 ұсыну енгізілді.
«Таза Қазақстан» акциясы шеңберіндегі жұмыстар жалғасуда. Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, өңірдің елді мекендерінде тазалық пен тәртіпті сақтау бағытындағы шараларды бұдан әрі де жалғастыратын болады.
ШҚО ПД баспасөз қызметі