
Қауіпте де, жолда да: ШҚО полицейі әрдайым көмекке дайын
Учаскелік полиция инспекторы Нұрдәулет Тетепов үшін адамдарға көмек көрсету қызметтің бір бөлігі ғана емес, қажет сәтте әрекет етуді әдетке айналдырған азаматтың ұстанымы.
20 тамыз күні Ұлан ауданының Қасым Қайсенов кентінде полиция майоры Нұрдәулет Тетепов құбырларды тазалау кезінде есінен танып қалған екі жұмысшыны құтқару үшін кәріз құдығына түскен болатын. Өз қауіпсіздігін ойлап кідірместен, ол екі жұмысшының да сыртқа шығуына көмектесіп, оларды жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырған.
Арада бірнеше күн өткен соң полицей тағы да көмекке мұқтаж адамға тап болды.
«Алматы – Өскемен» тасжолының 23-шағын ауданы маңында Нұрдәулет жол-жөнекей көлік тоқтатуға тырысып тұрған, арқасында үлкен сөмкесі бар жігітті байқайды. Полицей тоқтап, оған қандай да бір көмек қажет пе деп сұраған.
Жолаушы 23 жастағы АҚШ азаматы Спенсер болып шықты. Ол Қазақстанды автостоппен аралауды ұйғарып, Алматы бағытына жол тартып келе жатқан.
Учаскелік инспектор оған стационарлық полиция бекетіне дейін жеткізіп салуды ұсынған. Жол бойы олар әңгімелесіп, Спенсер Қазақстан бойынша саяхаттап жүргеніне қуанышты екенін жеткізген. Әсіресе жергілікті тұрғындардың қонақжайлығы мен ақжарқындығын атап өтті.
Бекетте Нұрдәулет саяхатшыға жолай көлік табуға көмектесті. Көп ұзамай Спенсерді Жарма ауданына дейін жеткізіп салуға бір жүргізуші келісіп тоқтаған. Осы жерден америкалық азамат саяхатын Алматы бағытында жалғастырды.
Екі түрлі жағдай - бірақ қайсысында болмасын учаскелік полиция инспекторы Нұрдәулет Тетепов дер кезінде көмекке келіп, жанынан табылды.
ШҚО ПД баспасөз қызметі