ШҚО ЖЖИ — Қостанайдағы республикалық слеттің күміс жүлдегері

ШҚО ЖЖИ — Қостанайдағы республикалық слеттің күміс жүлдегері

ШҚО ЖЖИ — Қостанайдағы республикалық слеттің күміс жүлдегері

12-21 тамыз аралығында Қостанай қаласында Қазақстанның 20 өңірінің командалары мен ТМД-ның алты елінің өкілдерін біріктірген XXI Республикалық жас жол инспекторларының слеті өтті.

Өңірлік кезеңдердің жеңімпаздары бірнеше күн бойы «Орленок» балалар лагерінде жол жүрісі қағидаларын білу деңгейін, қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын, эрудициясы мен командалық ұйымшылдығын көрсетті. Қатысушылар жеті бағыт бойынша бақ сынады.

Шығыс Қазақстан облысының командасы өңір намысын абыроймен қорғап, барлық сынақтың қорытындысы бойынша жүлделі екінші орынға ие болды.

Шығысқазақстандықтар бірқатар байқауда жоғары нәтиже көрсетті. «Жол қозғалысы ережелерінің білгірі» номинациясында команда үшінші орын алса, жеке есепте бірінші орынды Санжар Нұржанұлы иеленді.

«Жас эрудит» байқауында Ерхатқызы Наз жеңімпаз атанды.

Ал жол қозғалысын реттеу бойынша байқауда Тлек Тунгушпай бірінші орынға ие болды.

Сондай-ақ «Жоламан» ЖЖИ жасағының педагогі әрі жетекшісі Ерлан Қалабаев «Ашық үзіліс» байқауында жеңімпаз атанды.

Жас инспекторларды оралған кезде ШҚО ПД бастығы, полиция генерал-майоры Ерлан Омарбеков қарсы алды. Ол балаларды үздік нәтижелерімен құттықтап, ата-аналарына алғыс хаттар табыстады және жас қатысушыларға естелік сыйлықтар тарту етті.

«Сіздер Шығыс Қазақстанның намысын абыроймен қорғадыңыздар. Республикалық деңгейдегі екінші орын — білімдеріңіздің, тәртіптеріңіздің және командалық жұмыстарыңыздың нәтижесі. Осы жетістіктеріңізбен тоқтап қалмай, дамып, әрдайым жолдағы қауіпсіз жүріс-тұрыстың үлгісі болуларыңызға тілектеспін», — деп құттықтады Ерлан Омарбеков.

ШҚО командасының сәтті өнер көрсетуі жүйелі дайындықтың, білімнің, тәртіптің және барлық қатысушылардың үйлесімді жұмысының еңбегі болды. Республикалық деңгейде екінші орын иелену — лайықты нәтиже және Шығыс Қазақстанның жас инспекторларының жоғары дайындық деңгейінің дәлелі.

 

ШҚО ПД баспасөз қызметі