Төрт күнде 1,3 мыңнан астам құқық бұзушылықтың жолы кесілді: ШҚО-да «Құқықтық тәртіп» ЖПІШ қорытындыланды

Төрт күнде 1,3 мыңнан астам құқық бұзушылықтың жолы кесілді: ШҚО-да «Құқықтық тәртіп» ЖПІШ қорытындыланды

Төрт күнде 1,3 мыңнан астам құқық бұзушылықтың жолы кесілді: ШҚО-да «Құқықтық тәртіп» ЖПІШ қорытындыланды

18-21 тамыз аралығында Шығыс Қазақстан облысының аумағында республикалық «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Төрт күн бойы полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында бақылауды күшейтіп, рейдтік іс-шаралар мен түрлі тексерулер жүргізді.

Іс-шара қорытындысы бойынша 1 319 әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Сонымен қатар полиция қызметкерлері заңсыз айналымнан қару мен оқ-дәрілерді тәркіледі.

Рейдтік жұмыстар барысында атыс қаруын заңсыз сақтау бойынша 8 факті тіркеліп, тегіс ұңғылы қаруға арналған 105 патрон тәркіленді. Жалпы 5 тегіс ұңғылы, 3 ойық ұңғылы және 1 суық қару – пышақ алынды.

Ең көп тіркелген құқық бұзушылықтардың қатарында қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктерді ішу және масаң күйде жүру фактілері бар. ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы бойынша осындай 279 деректің жолы кесілді.

Тағы 269 азамат тіркеусіз немесе жеке басын куәландыратын құжаттарсыз тұрғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігіне де ерекше назар аударылды. Түнгі уақытта кәмелетке толмағандардың ересектердің еріп жүруінсіз үйден тыс жерде болуы бойынша 121 дерек тіркелді.

Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету де басты бағыттардың бірі болды. Төрт күн ішінде полиция қызметкерлері жаяу жүргіншілерге жол бермеудің 229 фактісін, көлікті масаң күйде басқарудың 15 жағдайын, қарсы қозғалыс жолағына шығудың 10 дерегін, сондай-ақ көлік құралын басқару құқығынан айырылған адамдардың көлік басқаруына қатысты 8 фактіні анықтады.

ШҚО Полиция департаменті мұндай іс-шаралардың негізгі мақсаты – құқық бұзушылықтардың жолын дер кезінде кесу, заңға қайшы әрекеттердің алдын алу және өңір тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін еске салады.

 

ШҚО ПД баспасөз қызметі