«SOS» дабыл тетігі Өскеменде алаяқтық қылмысын ізін суытпай ашуға көмектесті

«SOS» дабыл тетігі Өскеменде алаяқтық қылмысын ізін суытпай ашуға көмектесті

«SOS» дабыл тетігі Өскеменде алаяқтық қылмысын ізін суытпай ашуға көмектесті

Өскемен қаласында қоғамдық орындарда орнатылған SOS «дабыл тетігі» арқылы уақытылы көмек сұраған азаматтың әрекетінің арқасында полиция қызметкерлері алаяқтық жасады деген күдіктіні жедел түрде анықтаған.

Назарбаев даңғылы бойындағы үйлердің бірінің маңында белгісіз ер адам шұғыл қоңырау шалу қажеттігін айтып, 32 жастағы қала тұрғынының ұялы телефонын сұрап алған.

Құрылғыны қолына алған қаскөй оқиға орнынан бой тасалап, жәбірленушіге материалдық шығын келтірген.

Ұялы телефонынан айырылған азамат жақын маңдағы SOS «дабыл тетігін» пайдаланған. Дабыл сигналы Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына түскен. Оператор өтініш берушімен байланысқа шығып, оқиғаның мән-жайын нақтылап, патрульдік полиция нарядтарына жедел түрде бағдар берген.

Жедел іздестіру іс-шараларын үйлесімді жүргізу нәтижесінде тәртіп сақшылары тәулік ішінде күдіктінің жеке басын анықтаған. Ол Өскемен қаласының 47 жастағы тұрғыны болып шықты.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті қоғамдық орындарда орнатылған SOS «дабыл тетіктері» азаматтардың полициямен жедел байланыс орнатуына арналған екенін ескертеді. Егер сіз қиын жағдайға тап болсаңыз немесе құқықбұзушылықтың құрбанына айналсаңыз, осы жүйені пайдаланыңыз – бұл дереу көмек дереу көрсетуге және қажетті шараларды жедел қабылдауға мүмкіндік береді.

ШҚО ПД баспасөз қызметі