
Айыппұлдан елден шығаруға дейін: шетелдіктер Қазақстанда қандай жағдайларда жауапкершілікке тартылады
Қазақстанға келген шетел азаматтары елде белгіленген тәртіпті сақтауы қажет. Бұл талаптар олардың ел аумағында жүрген кезеңіне де, еңбек қызметіне де қатысты. Оларды бұзған жағдайда ескерту мен айыппұлдан бастап, Қазақстан Республикасының аумағынан әкімшілік шығаруға дейінгі жауапкершілік қарастырылған.
Ең қатаң шаралардың бірі белгіленген мерзім аяқталғаннан кейін Қазақстаннан 10 тәуліктен астам уақыт бойы шықпаған жағдайда қолданылады. Мұндай жағдайда шетелдікке 25 АЕК — 108 125 теңге мөлшерінде айыппұл салынуы немесе Қазақстан Республикасының аумағынан әкімшілік шығарылуы мүмкін.
Қажетті рұқсат құжаттарынсыз еңбек ету немесе визада көрсетілген мақсатқа сәйкес келмейтін қызметпен айналысу да жауапкершілікке әкеп соғады. Мұндай жағдайда 25 АЕК — 108 125 теңге мөлшерінде айыппұл салынады, 10 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу немесе Қазақстан Республикасының аумағынан әкімшілік шығару қолданылуы мүмкін.
Мерзімді қысқа уақытқа асырып алған жағдайда жауапкершілік жеңілірек болады: үш тәулікке дейін — ескерту, үш тәуліктен астам, бірақ бес тәуліктен аспаса — 10 АЕК (43 250 теңге), ал бес тәуліктен астам, он тәулікке жетпесе — 15 АЕК (64 875 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады.
Егер құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, жауапкершілік күшейтіледі. Заңда қарастырылған жағдайларда 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу және кейіннен Қазақстан Республикасының аумағынан әкімшілік шығару шарасы қолданылуы мүмкін.
Көші-қон талаптарын сақтау тек шетел азаматтарына ғана қатысты емес. Қабылдаушы тарап пен жұмыс берушілер де қажетті құжаттарды уақытылы рәсімдеп, белгіленген талаптарды орындауға міндетті.
Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті ескертеді: Қазақстанға келмес бұрын, жұмысқа орналасар кезде немесе құжаттарды рәсімдеу кезінде белгіленген талаптармен алдын ала танысып алыңыз. Ережені сақтау айыппұл мен өзге де әкімшілік шараларға жол бермеуге мүмкіндік береді.
ШҚО ПД баспасөз қызметі