
«Братва жениха»: Өскеменде той кортежі жол ережесін бұзды
Той кортежі – қуанышты мерекенің ажырамас бөлігі. Алайда мерекелік көңіл-күй жолдағы қауіпсіздік талаптарын сақтауға кедергі болмауы тиіс.
Өскемен қаласының Сәтбаев даңғылында қалалық Полиция басқармасының қызметкерлері той кортежіне қатысушылардың жол қозғалысы ережелерін бұзған алты дерегін анықтады.
Бейнежазбада көлік қозғалысы кезінде жолаушылардың терезеден бастары мен денелерін шығарып, мерекелік көңіл-күйін көрсеткені көрінеді. Бұл әрекет олардың өздеріне ғана емес, жолдағы басқа да азаматтарға қауіп төндіреді. Сонымен қатар көліктердің бірінің жүргізушісі қауіпсіздік белдігін тақпағаны анықталды.
Анықталған құқық бұзушылықтардың барлығы бойынша тиісті шаралар қабылданды. Бес құқық бұзушы ҚР ӘҚБтК-нің 593-бабының 1-бөлігі, тағы біреуі осы баптың 2-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті азаматтарды жол жүрісі қағидаларын сақтауға шақырады. Мерекелік көңіл-күйге беріліп, жолдағы қауіпсіздік талаптарын естен шығаруға болмайды.
ШҚО ПД баспасөз қызметі