
Жол қауіпсіздігі – назарда: Шығыс Қазақстанда «Тасымалдаушы» ЖПІШ қорытындыланды
28–30 шілде аралығында Шығыс Қазақстан облысында жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және Жол жүргізу ережелерінің бұзылуын болдырмауға бағытталған «Тасымалдаушы» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті.
Үш күн ішінде полицейлер жол жүрісі бұзудың 915 дерегін анықтап, 39 көлік құралын мамандандырылған тұраққа қойды және 35 мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісін тәркіледі.
Іс-шара барысында жолаушылар тасымалына ерекше назар аударылды. Тәртіп сақшылары қоғамдық орындарда такси қызметін көрсету мақсатында мазасыздық тудырған 44 деректі, заңсыз жолаушылар тасымалдаудың 23 жағдайын, көлік құралдарын заңсыз қайта жабдықтаудың 24 фактісін, техникалық байқаудан өтпеген 31 құқықбұзушылықты, тиісті құқығы жоқ тұлғалардың көлік басқарғаны үшін 26 деректі, жолаушылар, багаж және жүк тасымалдау ережелерін бұзған 17 фактіні, сондай-ақ техникалық регламенттер талаптарына сәйкес келмейтін 89 автокөлікті анықтады.
Сонымен қатар, жол қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіретін өрескел құқықбұзушылықтардың да жолы кесілді: 12 жүргізуші масаң күйде көлік басқарған, қарсы бағытқа шығып кетудің 3 факті және көлік басқару құқығынан айырылған тұлғалардың көлік жүргізген 3 жағдайы тіркелді.
Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті жол жүрісі қағидаларын қатаң сақтау – әрбір жол қозғалысына қатысушының басты міндеті екенін еске салады. Жолаушылар мен барлық азаматтардың қауіпсіздігі жүргізушілердің жауапкершілігіне тікелей байланысты.
ШҚО ПД баспасөз қызметі