Еркіндік сатылмайды: ШҚО полициясы дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күніне орай акция өткізді

Еркіндік сатылмайды: ШҚО полициясы дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күніне орай акция өткізді

Еркіндік сатылмайды: ШҚО полициясы дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күніне орай акция өткізді

Бүгін әлем бойынша Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күні атап өтілуде. Бұл күн адам құқықтарын қорғаудың маңыздылығын еске салып, қоғам назарын адам саудасы сияқты аса ауыр қылмыстардың алдын алу қажеттігіне аударуға бағытталған.

Осы орайда Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Шемонаиха ауданындағы мемлекеттік шекарада профилактикалық акция өткізді. Іс-шара барысында полицейлер азаматтарға шетелге шығу және жұмысқа орналасу кезінде кездесуі мүмкін қауіп-қатерлер жөнінде түсіндіріп, адам саудасының құрбаны болмаудың жолдары туралы ақпарат берді.

Қатысушыларға қылмыскерлердің адамдарды еңбек және сексуалдық қанауға тарту үшін қолданатын кең таралған тәсілдері түсіндіріліп, жұмыс іздеу кезінде нені ескеру қажет екені және қауіпті жағдайлардың алдын алуға көмектесетін сақтық шаралары туралы айтылды.

Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті ескертеді: егер де сізге күмәнді еңбек жағдайларын ұсынып, жеке құжаттарыңызды беруді талап етсе немесе сапардың мән-жайын жасырса, өз қауіпсіздігіңіз үшін бас тартыңыз. Сақтық пен қырағылық таныту – адам саудасы сияқты ауыр қылмыстардан қорғанудың ең тиімді жолы.

 

ШҚО ПД баспасөз қызметі