
Кір жуғыш машинада сора өсірген: ШҚО-да есірткі плантациясы анықталды
Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында полицейлер есірткі құрамы бар өсімдіктерді заңсыз егу дерегін анықтады. «Қарасора-2026» және «Канал – Янтарный берег» жедел-профилактикалық іс-шаралары аясында Таврическое ауылындағы жеке үйлердің бірінен «үй плантациясы» табылды.
41 жастағы ауыл тұрғыны интернет арқылы сора тұқымдарына тапсырыс беріп, оны өсіруді кәсіп еткен. Ер адам есірткі өсімдіктерін баптау үшін ескі кір жуғыш машинаны бейімдеп, оны қолдан жасалған «жылыжайға» айналдырған.
Тінту шаралары барысында Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен Ұлан аудандық криминалдық полиция қызметкерлері 34 түп сора мен есірткі тұтынуға арналған құрылғыны тәркіледі. Сонымен қатар, гараждан кептірілген есірткі затының қомақты мөлшері табылды.
Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген үлгілер – сора (каннабис) болып шықты. Оның жасыл түрінің салмағы 50,94 грамды, ал дайын кептірілген марихуананың салмағы 16 кг құрады.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.
Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті есірткі өсімдіктерін заңсыз өсіру қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын және мұндай әрекеттердің құқық қорғау органдарының қатаң бақылауында екенін ескертеді.
ШҚО ПД баспасөз қызметі