
Қауіпсіз каникул: полиция балалар мен жасөспірімдер арасында профилактикалық жұмысты белсенді жүргізуде
Жазғы демалыс кезінде Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі бөлімшелерінің қызметкерлері балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, құқық бұзушылықтың алдын алуға және заң мен қоғамдық тәртіпті сыйлауға бағытталған жүйелі профилактикалық жұмысты жалғастыруда. Бұл міндеттер елімізде жарияланған «Қауіпсіз балалық шақ» жылы аясындағы басты басымдықтардың бірі болып қала береді.
Полицейлер күн сайын саябақтарда, спорт және ойын алаңдарында, сондай-ақ жасөспірімдер көп шоғырланатын басқа да орындарда рейдтік іс-шаралар өткізеді. Жасөспірімдермен кездесу барысында тәртіп сақшылары қауіпсіз мінез-құлық ережелерін еске салып, заңнама нормаларын түсіндіреді және оларды өз әрекеттеріне жауапкершілікпен қарауға шақырады.
Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға ерекше көңіл бөлінеді. Полицейлер ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, балалардың бос уақытын бақылауда ұстауға, олардың кіммен араласатынын білуге және әсіресе кешкі уақытта қараусыз қалдырмауға кеңес береді.
Профилактикалық іс-шаралар тек құқық бұзушылықтың алдын алуға ғана емес, сонымен қатар өскелең ұрпақтың құқықтық мәдениетін тәрбиелеуге бағытталған. Полиция департаментінде атап өткендей, құқық қорғау органдары, отбасы және қоғамның бірлескен жұмысы ғана балалардың қауіпсіз жазғы демалысын қамтамасыз етіп, қоғамда «Заң мен Тәртіп» қағидаттарын нығайтуға мүмкіндік береді.
ШҚО ПД баспасөз қызметі