
ШҚО-да косметика дүкендерін тонағандар ұсталды: келтірілген шығын – 100 мың теңгеге жуық
Шығыс Қазақстан облысында полиция қызметкерлері облыс орталығында орын алған косметика дүкендеріндегі екі ұрлық дерегін әшкереледі. Келтірілген жалпы шығын көлемі 100 мың теңгеге жуықтайды.
Сауда нүктелерінің бірінің өкілі полицияға тауардың жоғалғаны туралы арызданған. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері 31 жастағы ер адамның ұрлыққа қатысы бар екенін анықтаған. Ол сауда залында жүріп, тауарлардың қолжетімділігін пайдаланып, күтім жасауға арналған бірнеше косметикалық құралды жасырын ұрлап кеткен. Келтірілген шығын 46 мың теңгеден астқан.
Сол күні осыған ұқсас тағы бір жайт тіркелді. Полицейлер жүргізген шаралар нәтижесінде Өскемен қаласының 38 жастағы тұрғыны дүкен сөресінен бірнеше косметикалық затты ұрлағаны анықталды. Одан келтірілген шығын 48 мың теңгеге бағаланды.
Қазіргі таңда аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде, оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.
Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті бөтеннің мүлкін ұрлау – қылмыстық жауапкершілікке әкеп соқтыратын іс-әрекет екенін ескертеді. Бұл үшін қолданыстағы заңнамаға сәйкес қатаң жаза қарастырылған.
ШҚО ПД баспасөз қызметі