
ШҚО Полиция департаментінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттар мен «Жеті басым бағыт» тұжырымдамасы талқыланды
2026 жылғы 9 шілдеде Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға, «Адал азамат» қағидаттарын нығайтуға және «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілетуге бағытталған профилактикалық сабақ өтті.
Іс-шараға Полиция департаменті Тәлімгерлер кеңесінің мүшесі Бақытжан Торғаев және ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ШҚО бойынша департаменті Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының бас маманы Нұртаева Әлмира Қабидолдақызы қатысты.
Кездесудің бірінші бөлімінде Бақытжан Торғаев «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі әзірлеген «Жеті басым бағыт» тұжырымдамасын таныстырды. Спикер полиция қызметкерінің кәсіби біліктілігі оның жеке қасиеттерімен тығыз байланысты екенін атап өтті:
«Ұлттық құндылықтарды қастерлеу, кәсіби әдеп пен қоғам алдындағы жауапкершілік – құқық қорғау органдарына деген сенімнің негізі».
Сабақтың екінші бөлімі заңдылықты қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы сақтау мәселелеріне арналды. Әлмира Қабидолдақызы заңнамаға енгізілген соңғы жаңалықтарды түсіндіріп, құқықтық салдарларға мысалдар келтірді. Ол кез келген сыбайлас жемқорлық көріністеріне мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығына ерекше назар аударды.
Іс-шара қорытындысында мұндай кездесулер жеке құрамның құқықтық сауаттылығын арттыруға ғана емес, Заңға қалтқысыз қызмет ету және азаматтардың мүддесін қорғау үшін қажетті кәсіби әрі моральдық бағдарларды нығайтуға септігін тигізетіні атап өтілді.
ШҚО ПД баспасөз қызметі