
Заң мен тәртіп: ШҚО-дағы профилактикалық кабинеттердің жүйелі жұмысы
Шығыс Қазақстан облысында 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында 13 полиция профилактикалық кабинетінің атқарған жұмысы қорытындыланды.
Профилактикалық кабинеттер – құқықтық, психологиялық және әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтармен мақсатты жұмыс жүргізу алаңына айналды.
Олардың қызметіне полиция қызметкерлері, психологтар, жергілікті атқарушы органдар мен әлеуметтік қызмет өкілдері тартылған.
Алты ай ішінде мамандар 11 профилактикалық іс-шара өткізді. Жеке профилактикалық жұмыспен 69 азамат қамтылды, оның ішінде кәмелетке толмағандар, профилактикалық есепте тұрған тұлғалар, пробациялық және әкімшілік бақылаудағылар, сондай-ақ бұрын жауапкершілікке тартылған азаматтар бар.
Тұрмыстық жанжалдардың және отбасылық-тұрмыстық қатынастардағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға ерекше назар аударылады. Есепте тұрған тұлғаларға қатысты 15 қорғау ұйғарымы шығарылып, мінез-құлыққа қатысты 19 ерекше талап қойылды.
Профилактикалық кабинеттер «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейді. Мұнда тұрғындар құқықтық қорғау, отбасылық-тұрмыстық қатынастар, құқық бұзушылықтың алдын алу, сондай-ақ киберқауіпсіздік мәселелері бойынша кеңес ала алады.
Кабинеттердің негізгі міндеті — тәуекел факторларын уақтылы анықтау, қажетті көмек көрсету және құқық бұзушылықтардың жасалуына жол бермеу. Мұндай формат азаматтармен жеке жұмыс жүргізуге және басты назарды жасалған құқық бұзушылықтарға ден қоюдан, олардың алдын алуға ауыстыруға мүмкіндік береді.
Өңірдегі профилактикалық кабинеттердің жұмысы «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру аясында жалғасын табады.
ШҚО ПД баспасөз қызметі