Таза табиғат – ортақ жауапкершілік: ШҚО полициясы демалыс аймақтарында рейд жүргізуде

Таза табиғат – ортақ жауапкершілік: ШҚО полициясы демалыс аймақтарында рейд жүргізуде

Таза табиғат – ортақ жауапкершілік: ШҚО полициясы демалыс аймақтарында рейд жүргізуде

Жаз мезгілі – табиғат аясында тынығып, су жағасында демалып, саябақтарда серуендеп, отбасымен уақыт өткізетін ерекше кезең. Алайда демалыстың жайлы әрі қауіпсіз болуы әр адамның қоршаған ортаға деген жауапкершілігіне де байланысты. Табиғатты аялап, тазалықты сақтау – баршамыздың ортақ міндетіміз.

Осыған орай, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің қызметкерлері халық көп жиналатын демалыс орындарында күн сайын рейдтік іс-шаралар өткізуде. Іс-шаралар барысында өзен-көл жағалаулары, саябақтар, демалыс аймақтары және тұрғындар мен өңір қонақтары жиі баратын өзге де қоғамдық орындар қамтылуда.

Рейд кезінде полицейлер демалушылармен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қоқысты бейберекет тастамауға, абаттандыру қағидаларын сақтауға, өрт қауіпсіздігі талаптарын орындауға, табиғатқа жанашырлықпен қарап, қоғамдық тәртіпті сақтауға шақырады.

Мұндай іс-шаралардың негізгі мақсаты – азаматтарды жауапкершілікке тарту емес, құқық бұзушылықтардың алдын алу және тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру. Өйткені демалыс орындарының тазалығы мен қауіпсіздігі – әрбір азаматтың саналы әрекетіне байланысты.

2026 жылдың басынан бері Шығыс Қазақстан облысында абаттандыру қағидаларын бұзу және қоғамдық орындарды ластау бойынша 5 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды. Мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жалғасуда.

Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті өңір тұрғындары мен қонақтарын табиғат аясында демалу кезінде тазалықты сақтауға шақырады. Қоқысты арнайы жәшіктерге тастап немесе өздеріңізбен бірге алып кетіңіздер. Табиғатты аялап, бүгінгі тазалықты ертеңгі ұрпаққа аманат етейік.

 

ШҚО ПД баспасөз қызметі