
Күшейтілген бақылау қорытындысы: ШҚО полициясы демалыс күндері жол жүрісі қағидаларын бұзудың 1500-ге жуық фактісін анықтады
Өткен демалыс күндері Шығыс Қазақстан облысының полиция қызметкерлері күшейтілген режимде қызмет атқарды. Тәртіп сақшылары жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында қауіпті учаскелер мен азаматтардың жаппай демалатын орындарына ерекше назар аударды.
Патрульдік экипаждардың жұмысы икемді кесте бойынша ұйымдастырылып, жолдардағы жағдай күнделікті талданып отырды. Бұл тәсіл тәуекелі жоғары аймақтардағы патрульдеу бағыттарын жедел түзетуге және күш пен құралдарды тиімді орналастыруға мүмкіндік берді.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде жол жүрісі қағидаларын бұзудың 1489 дерегі анықталды. Ескерту жұмыстарына қарамастан, кейбір жүргізушілер заң талаптарын елемей, өздерінің және айналасындағылардың өміріне қауіп төндіруді жалғастыруда.
Мәселен, өткен күндері тәртіп сақшылары ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы бойынша көлік құралын масаң күйде басқарудың 12 фактісін анықтады. Сонымен қатар, бұрын көлік басқару құқығынан айырылған адамның масаң күйде қайта рөлге отырған 1 фактісі тіркелді. Бұл әрекет Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексінің 346-бабы бойынша қатаң қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады.
Азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмеу және өрескел заң бұзушылықтардың жолын кесу мақсатында 22 көлік арнайы айып тұрағына қойылды.
Полицейлер өңір жолдарындағы құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жұмыстары күнделікті режимде жалғасып жатқанын атап өтті.
Полиция департаменті жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жол жүрісі қағидаларын қатаң сақтауға, мұқият болуға және өзара сыйластық танытуға шақырады. Жолдағы қауіпсіздік — ортақ жауапкершілік екенін ұмытпаңыздар.
ШҚО ПД баспасөз қызметі