
ШҚО полицейлері демалушыларды табиғатты аялауға және тазалық сақтауға шақырады
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында туристік полиция қызметкерлері учаскелік полиция инспекторларымен бірлесіп азаматтардың жаппай демалыс орындарында профилактикалық іс-шаралар өткізуде.
Рейд барысында полицейлер демалушылармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ақпараттық жадынамалар таратып, қоршаған ортаға ұқыпты қараудың маңыздылығын еске салуда. Жағажайларда тазалықты сақтауға ерекше назар аударылуда. Азаматтарға арттарынан қоқыс қалдырмау, тұрмыстық қалдықтарды арнайы контейнерлерге тастау және табиғатты аялау қажеттігі түсіндірілді.
Сондай-ақ тәртіп сақшылары қоғамдық орындардағы қағидаларды түсіндіріп, тазалықты сақтау – әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтті. Әрбір демалушының жауапкершілігі жағажайлардың таза, жайлы әрі қауіпсіз болуына өз үлесін қосады.
Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті өңір тұрғындары мен қонақтарын экологиялық мәдениетті сақтауға, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға және демалыстан кейін міндетті түрде өз қоқысын жинап кетуге шақырады. Туған өлкеміздің тазалығы мен көркін сақтау – баршамыздың ортақ міндетіміз.
ШҚО ПД баспасөз қызметі