
Бір алаңда: ШҚО полицейлері мен «Altai Oskemen» футбол клубы жолдастық матч өткізді
Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің Арнайы және кәсіби даярлық басқармасының қызметкерлері «Altai Oskemen» футбол клубының командасымен жолдастық футбол матчын өткізді. Кездесу ҚР ІІМ ARLAN SK спорттық рухты насихаттау аясында ұйымдастырылды.
Ойын басталар алдында командалар естелік жалауларымен алмасып, өзара ынтымақтастық пен спорттық кездесуді өткізу мүмкіндігі үшін алғыстарын білдірді.
Матч жоғары қарқынмен және тартысты бәсекеде өтті. Алғашқы минуттардан-ақ қарсыластар жылдам шабуылдар, дәл пастар және үйлесімді командалық ойын көрсетті. Жолдастық кездесу болғанына қарамастан, матч әсерлі әрі тартысқа толы болды.
Кездесу қорытындысы бойынша белсенді әрі нәтижелі ойынымен ерекшеленген Алиасқаров Ержан Серікқазыұлы «Үздік шабуылшы» номинациясымен марапатталды.
Осындай спорттық кездесулер құқық қорғау органдары мен спорт қауымдастығы арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға, салауатты өмір салтын насихаттауға және жаппай спортты дамытуға ықпал етеді.
ШҚО ПД баспасөз қызметі