
«FREE LIFE FEST»: ШҚО жастары салауатты өмір салтын таңдайды
Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай Өскемен қаласындағы «MAXI MALL» сауда-ойын-сауық орталығында Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, ШҚО Ішкі саясат басқармасының «Жастар орталығы» КММ, ШҚО ПД жанындағы Есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес мүшелері, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың бірлесуімен ауқымды «FREE LIFE FEST» жастар фестивалі өтті.
Іс-шараның басты мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, нашақорлықтың алдын алу және есірткі қолдануға деген тұрақты теріс көзқарас қалыптастыру.
Фестиваль қатысушыларына арнап ШҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы полиция подполковнигі Динат Мусин құттықтау сөз сөйледі.
– Нашақорлықпен күрес – мемлекет, қоғам және әрбір азаматтың ортақ міндеті. Бүгінде спортты, өзін-өзі дамытуды және салауатты өмір салтын таңдайтын жастардың саны артып келеді. Біздің басты мақсатымыз – жастарға есірткісіз өмірдің жарқын, мазмұнды әрі табысты бола алатынын көрсету, – деп атап өтті ол.
Фестиваль белсенді әрі өмірге бейжай қарамайтын ондаған жастың басын қосты. Қатысушылар үшін қол күресі, гір көтеру және арқан тарту жарыстары ұйымдастырылып, интерактивті және профилактикалық алаңдар жұмыс істеді. Ал шығармашылық ұжымдар мен өнерпаздардың өнер көрсетуі мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Іс-шараның ерекше сәттерінің бірі жеңімпаздар мен ең белсенді қатысушыларды бағалы сыйлықтармен марапаттау болды. Сыйлықтар қатарында туристік шатыр, турник, бокс қолғаптары және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған өзге де спорттық құрал-жабдықтар табысталды.
«FREE LIFE FEST» фестивалі жастар арасында спортты, белсенді өмірлік ұстанымды және есірткіге қарсы көзқарасты насихаттайтын керемет алаңға айналып, қазіргі жастардың денсаулықты, дамуды және есірткісіз өмірді таңдайтынын дәлелдеді.
ШҚО ПД баспасөз қызметі