
ШҚО ПД-да БАҚ өкілдерін кәсіби мерекелерімен құттықтады
Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінде өңірлік БАҚ өкілдерімен кездесу өтті.
Қонақтар үшін таныстыру экскурсиясы ұйымдастырылып, полицияның қызметтік жұмысында қолданылатын заманауи арнайы техника мен жабдықтар көрсетілді. Әсіресе жарылыс-техникалық бөлімшенің сапер-роботы мен «Алан» арнайы автокөлігі журналистердің ерекше қызығушылығын тудырды.
БАҚ өкілдері Жедел басқару орталығында болып, интеллектуалды бейнебақылау жүйелерінің мүмкіндіктерімен, цифрлық шешімдермен және полиция жасақтарының жұмысын үйлестіру қағидаттарымен танысты. Сондай-ақ журналистер Полиция департаментінің баспасөз орталығында болып, ведомствоның ақпараттық жұмысын ұйымдастыру ерекшеліктерімен танысты және музейді аралап, Шығыс Қазақстан облысы полициясының қалыптасуы мен даму тарихы туралы мәлімет алды.
Кездесу салтанатты жағдайда аяқталды. ШҚО ПД бастығы полиция генерал-майоры Ерлан Омарбеков бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне кәсібилігі, объективтілігі және нәтижелі ынтымақтастығы үшін алғыс білдірді.
— Сіздердің еңбектеріңіздің арқасында облыс тұрғындары полиция қызметі туралы шынайы әрі жедел ақпарат алып отырады. Кәсібиліктеріңіз, ұстанымдарыңыз бен жауапкершіліктеріңіз қоғамның ішкі істер органдарына деген сенімін нығайтуға ықпал етеді. Сіздерге ынтымақтастық үшін алғысымды білдіремін. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, шығармашылық шабыт, қызықты жобалар мен жаңа кәсіби жетістіктер тілеймін, — деп атап өтті ШҚО-ның бас полицейі.
ШҚО ПД баспасөз қызметі