
Көмектеріңіз үшін рахмет!» — ШҚО полицейіне Швейцариядан келген туристер алғыс білдірді
Швейцария азаматтары Кристиан Крузи мен Моника Дигельман өздерінің MAN автокөлігімен әлемді аралап саяхаттап жүр. Ұлан ауданындағы Шыбынды көлінің жағасында аялдаған сәтте олардың сапары күтпеген жерден тоқтап қалды: көліктің рессоры сынып, әрі қарай жүру мүмкін болмай қалған.
Автосервистерден алыс жерде қиын жағдайға тап болған шетелдік қонақтар көмексіз қалмады. Саяхатшыларға көмек қажет екені туралы ақпарат «102» арнасына келіп түсті. Ұлан аудандық полиция бөлімінің кезекшісі, полиция майоры Қуаныш Шәкенов оқиға орнына учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Олжас Рамазановты жіберген.
Полиция қызметкері жағдайды бағалап қана қоймай, мәселені шешуді өз бақылауына алды. Ол көлікті жөндеу жұмыстарын ұйымдастырып, жергілікті шеберлерді тартып, автокөліктің қайта жолға шығуы үшін қажетті жан-жақты көмек көрсеткен.
– Полиция тарапынан көрсетілген көмекке өте ризамыз. Біз үшін бұл үлкен қолдау болды. Көмектеріңіз үшін шын жүректен алғыс айтамыз, – деп Кристиан мен Моника өз ризашылықтарын білдірді.
Ал Олжас Рамазанов үшін мұндай жағдайда көмек көрсету – күнделікті қызметтің ажырамас бөлігі. Оның айтуынша, кез келген полиция қызметкері осындай жағдайда дәл осылай әрекет етер еді. Өйткені адам қиындыққа тап болған кезде оған дер кезінде қолдау көрсету – басты міндет.
– Осындай жағдайларда шетте қалмай, адамдарға қол ұшын созу маңызды. Бұл елімізге келген қонақтардың Қазақстан туралы жақсы әсер қалыптастыруына ықпал етеді, – дейді полиция капитаны.
ШҚО ПД баспасөз қызметі