
Жол бойындағы күтпеген достық
Велосипедпен саяхат жасау — бұл тек жаңа бағыттар мен әсерлі көріністер ғана емес, сонымен қатар жол үстінде кездесетін түрлі сынақтар. Осындай жағдайлардың бірі Қытайдан келген саяхатшыға Шығыс Қазақстан арқылы Марқакөл көліне бет алған сапарында кездесті.
Кешкі уақытта Алтай ауданына қарасты Серебрянск қаласында аялдаған саяхатшы демалу үшін шатыр тіккен. Алайда бейтаныс орта мен айналадағы дыбыстар оның бойында алаңдаушылық туғызған. Үйінен алыста, өзге елде қалған саяхатшы 102 нөміріне хабарласып, көмек сұраған.
Оқиға орнына жедел түрде Серебрянск қаласы полиция бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Талғат Забитов пен қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің бастығы полиция капитаны Азамат Ғали келіп жеткен. Жағдайды түсінген тәртіп сақшылары кәсібилігімен қатар шынайы қамқорлық танытып, оны далада қалдырмай, өз үйлеріне шақырып дәм татқызып, жайлы орын беріп, қазаққа тән дархан қонақжайлылық көрсетті.
Келесі күні қонақ Марқакөлге сапарын жалғастырып, өзімен бірге Қазақстанның қонақжайлылығы мен полиция қызметкерлерінің адамгершілігі туралы ең жылы әсер алып кетті.
Бұл оқиға полиция қызметі тек қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету ғана емес, сонымен қатар қиын жағдайға тап болған адамға көмек қолын созуға әрдайым дайын екенін дәлелдеді.
Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті саяхатшыға сәтті жол, жаңа жаңалықтар мен мақсатына жетер жолда тек жақсы кездесулер тілейді!
ШҚО ПД баспасөз қызметі