
Заңсыз айналымнан 436 дана алкоголь өнімі тәркіленді: Өскеменде спирттік ішімдіктерді заңсыз сату фактісі анықталды
«Алкогольсіз ауыл» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Шығыс Қазақстан облысының полиция қызметкерлері Өскемен қаласындағы сауда орындарының бірінде алкоголь өнімдерін заңсыз сату фактісін анықтады.
Жүргізілген тексеру барысында жеке кәсіпкердің Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тиісті лицензиясыз алкоголь өнімдерін саудалағаны белгілі болды.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 463-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік іс қозғалды.
Процессуалдық іс-шаралар барысында заңсыз айналымнан жалпы саны 436 дана алкоголь өнімі тәркіленді. Оның ішінде 254 бөтелке спиртті ішімдік және 182 дана сыра өнімі бар. Тәркіленген өнімдердің барлығы заттай дәлелдеме ретінде танылып, процессуалдық шешім қабылданғанға дейін жауапты сақтауға қойылды.
Қазіргі уақытта алкоголь өнімдерінің заңсыз айналымына қатысты құқық бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу жұмыстары жалғасуда.
Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті алкоголь өнімдерін өткізу қызметі тек тиісті рұқсат құжаттары болған жағдайда ғана жүзеге асырылатынын ескертеді. Заң талаптарын сақтау кәсіпкерлік қызметті заңды жүргізудің маңызды шарты болып табылады және қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге ықпал етеді.
ШҚО ПД баспасөз қызметі