ШҚО-да құрамында есірткі бар өсімдіктерді заңсыз өсіру фактісі анықталды

ШҚО-да құрамында есірткі бар өсімдіктерді заңсыз өсіру фактісі анықталды

ШҚО-да құрамында есірткі бар өсімдіктерді заңсыз өсіру фактісі анықталды

«Қарасора-2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полицейлер Глубокое ауданының 46 жастағы тұрғынының есірткі заттарын заңсыз өсірумен байланысты әрекетінің жолын кесті.

Тінту барысында Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері күдіктінің жеке тұрғын үйінен шағын жылыжай анықтады. Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген заттар есірткі құралдары болып табылады.

Атап айтқанда, үй ішінен жалпы салмағы 259,15 грамм болатын каннабис өсірілген 4 түп гүл құмырасы табылды. Сондай-ақ шаруашылық құрылыстан салмағы шамамен 1,5 келі кептірілген марихуана тәркіленді.

Ер адам өз түсініктемесінде тыйым салынған заттарды жеке пайдалану мақсатында өсіріп, сақтағанын айтқан. Медициналық куәландыру нәтижесі оның тінту жүргізілген сәтте есірткілік масаң күйде болғанын растады.

Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті есірткі құралдарын заңсыз өсіру және сақтау қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салады.

 

ШҚО ПД баспасөз қызметі