
ШҚО-да 12 жүргізуші жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін пайдаланғаны үшін көлік басқару құқығынан айырылды
10-14 маусым аралығында Шығыс Қазақстан облысының аумағында жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері бар көлік құралдарын анықтауға бағытталған бірлескен рейдтік іс-шаралар өткізілді.
ШҚО Полиция департаменті ұйымдастырған тексеріске прокуратура, көліктік бақылау органдары мен «ҚазАвтоЖол» АҚ өкілдері қатысты.
Рейдтің негізгі мақсаты — жол қозғалысы саласындағы заңнаманы өрескел бұзушылықтардың алдын алу, жолын кесу және жүргізушілердің жол жүрісі мәдениетін арттыру.
Төрт күндік бақылау нәтижесі бойынша жолдарда жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері бар көлік құралдарын пайдалану фактілері тіркелген жоқ.
Сонымен қатар, бұл бағыт ішкі істер органдарының ерекше бақылауында. Мұндай құқық бұзушылықтарды анықтау жұмыстары жүйелі түрде жүргізіледі және полицияның басым міндеттерінің бірі болып табылады.
2026 жылдың басынан бері облыс аумағында көлік құралдарын көрінеу жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерімен басқарудың 12 фактісі анықталды. Барлық құқық бұзушылар заңнамада белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартылып, көлік құралын басқару құқығынан айырылды.
ШҚО Полиция департаменті жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін пайдалану заңнаманы өрескел бұзу болып табылатынын және заң алдында қатаң жауапкершілікке әкеп соқтыратынын еске салады.
ШҚО ПД баспасөз қызметі