
«Пайдалы демалыс»: мектеп жанындағы лагерь тәрбиеленушілері ШҚО Полиция департаментінде болды
Бүгін Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінде ерекше қарбалас пен көтеріңкі көңіл-күй орнады. Құқық қорғау органдарының жұмысына қызығушылық танытқан №44 Оралхан Бөкей атындағы лицейдің жазғы лагерінде демалып жүрген 35 оқушы тәртіп сақшыларының қонағы болды. Экскурсия балалар үшін жай ғана таныстыру шарасы емес, полиция қызметінің тыныс-тіршілігімен жақыннан танысуға мүмкіндік берген танымдық кездесу болды.
Оқушылардың полиция жұмысымен таныстығы департаменттің «жүрегі» саналатын Жедел басқару орталығынан басталды. Заманауи бейнебақылау жүйелері, алып мониторлар мен «Навигатор» жүйесінің жұмысы жас қонақтардың ерекше қызығушылығын тудырды. Балалар әрбір бөлшекке назар аударып, полиция қызметкерлеріне көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, белсенділік танытты.
Экскурсияның келесі бөлімі Полиция департаментінің музейінде жалғасты. Мұнда оқушылар полиция қызметінің тарихымен танысып, түрлі жылдардағы нысан үлгілерін, марапаттар мен тарихи жәдігерлерді тамашалады. Әсіресе мамандармен еркін пікір алмасу мүмкіндігі балалардың қызығушылығын арттырып, кездесуді мазмұнды диалогқа ұластырды.
Мұндай іс-шаралар жас ұрпақтың құқықтық мәдениетін қалыптастыруда және кәсіби бағдар беруде маңызды рөл атқарады. Бәлкім, бүгінгі экскурсия осы 35 оқушының бірі үшін болашақ мамандығын таңдауға жасалған алғашқы қадам болар. Өйткені полиция қызметінің негізінде заң мен тәртіпке адал қызмет ету қағидаты жатыр.
ШҚО ПД баспасөз қызметі