
Тәртіп пен заңның тағылымы: Өскемендік оқушылар полиция қызметімен танысты
Өскемен қаласындағы №20 мектеп оқушылары ШҚО Полиция департаментіне арнайы экскурсия жасап, полиция қызметінің тыныс-тіршілігімен танысты. Экскурсия барысында олар полиция мұражайын аралап, заманауи технологиялардың жұмысын көріп, Жедел басқару орталығының қызметімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды.
Танымдық шараны ШҚО ПД Арнайы және кәсіби даярлық басқармасының қызметкерлері ұйымдастырды. Экскурсияның басты мақсаты — жастарға полиция қызметінің ішкі жұмысын таныстырып, тәртіп сақшыларының күнделікті қызметінің маңызын түсіндіру болды.
Саяхат полиция мұражайынан басталды. Мұнда оқушылар өңір полициясының қалыптасу тарихымен танысып, архивтік құжаттарды, ескі фотосуреттер мен бірегей жәдігерлерді тамашалады.
Балалар экспозицияларды қызығушылықпен қарап, азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында ведомствоның қандай маңызды кезеңдерден өткенін тереңірек сезіне алды.
Оқушыларға ерекше әсер қалдырған орындардың бірі — Жедел басқару орталығы болды. Олар монитор экрандары арқылы қаланың бақылауда қалай жұмыс істейтінін, операторлардың шақыртуларды қабылдау тәртібін және патрульдік қызметкерлердің жедел тапсырмалар алу процесін өз көздерімен көрді.
Шынайы уақыт режимінде қабылданатын шешімдердің қалай жүзеге асатынын бақылау балалар үшін үлкен қызығушылық тудырды. Оқушылар полицейлердің әр шешімінің артында зор жауапкершілік жатқанын түсінуге тырысып, мамандықтың қыр-сырына қатысты көптеген сұрақтар қойды.
Бұл экскурсия оқушылар үшін ерекше әсерлі әрі танымдық кездесу болды. Олар полиция формасының артында өз ісіне адал, қоғам тыныштығын қорғауды өмірлік міндеті санайтын жандар тұрғанын ұғынды.
Осындай кездесулер жастардың полиция қызметіне деген құрметін арттырып, заң мен тәртіпті сақтаудың маңызын терең түсінуге мүмкіндік береді.
ШҚО ПД баспасөз қызметі