
ҚАУІПСІЗДІК – БАРЫНША ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ: ШҚО ПОЛИЦИЯСЫ 5 МЫҢ АДАМ ҚАТЫСҚАН «OPEN AIR SARYBEL» ФЕСТИВАЛІНДЕ ТӘРТІПТІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТТІ
Шығыс Қазақстан облысының Самар ауданында полиция қызметкерлері «Open Air Sarybel» мәдени-бұқаралық іс-шарасын өткізу кезеңінде қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етті.
Сарыбель ауылында өткен ауқымды фестиваль өңірдің 5 000-ға жуық қонағы мен тұрғынын жинады. Қатысушылардың қауіпсіздігі мен іс-шараның кедергісіз өтуін қамтамасыз ету үшін полиция қызметкерлері қызмет атқарудың күшейтілген режиміне көшірілді.
Қоғамдық тәртіпті және жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 70-тен астам полиция қызметкері, оның ішінде ЖҚАЖ, Самар және Күршім аудандық полиция бөліністерінің қызметкерлері, сондай-ақ ШҚО ПД патрульдік полиция батальонының экипаждары мен Самар ауданының патрульдік полиция топтары жұмылдырылды.
Полиция қызметкерлері қоғамдық қауіпсіздікті бақылауды, көлік ағынын реттеуді, құқық бұзушылықтың алдын алуды және азаматтардың өтініштеріне жедел әрекет етуді жүзеге асырды.
Құқықтық тәртіпті қамтамасыз етумен қатар, ШҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл және Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармаларының қызметкерлері фестивальге қатысушылармен профилактикалық жұмыстар жүргізді.
Тұрғындарға интернет-алаяқтыққа, есірткі заттарын таратуға және өзге де заңсыз әрекеттерге қарсы іс-қимыл бойынша сақтық шаралары түсіндірілді.
Іс-шара барысында полицейлер профилактикалық материалдар таратып, азаматтарға цифрлық және жеке қауіпсіздікті сақтау қажеттілігін еске сала отырып, ақпараттық-түсіндіру әңгімелерін жүргізді.
Қабылданған шаралардың арқасында іс-шара өткізу кезеңінде қоғамдық тәртіптің бұзылуына және төтенше оқиғаларға жол берілмеді.
ШҚО ПД баспасөз қызметі