
Басты жолаушы — бала: Өскеменде балалардың жол қауіпсіздігіне арналған акция өтті
Халықаралық балаларды қорғау күніне орай кішкентай бүлдіршіндердің қауіпсіздігі жол полициясының жас көмекшілері үшін басты назарда болды. Өскемен қаласында А.Байтұрсынов атындағы №20 орта мектептің «Жоламан» жас жол инспекторлары жасағы «Басты жолаушы — бала» атты профилактикалық акция ұйымдастырды.
Іс-шара барысында жас инспекторлар жүргізушілерге кәмелетке толмаған жолаушыларды тасымалдау ережелерін сақтаудың маңыздылығын түсіндіріп, отбасыларға балаларға арналған арнайы ұстап тұру құрылғыларын табыстады.
Акцияның негізгі мақсаты — ата-аналардың назарын балалардың жол қауіпсіздігі мәселесіне аудару және жол-көлік оқиғаларының алдын алу. Сараптамалық деректерге сәйкес, балалар автокреслоларын пайдалану жол-көлік оқиғалары кезінде бала өлімінің қаупін 71 пайызға төмендетеді.
Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті балалардың қауіпсіздігі — ең алдымен ересектердің жауапкершілігіне байланысты екенін еске салады. Балаларды ұстап тұру құрылғыларын пайдалану — жай ғана талап емес, баланың өмірі мен денсаулығын сақтауға бағытталған аса маңызды қауіпсіздік шарасы.
Ең қымбат жандарыңызды қорғаңыздар — жол жүрісі қағидаларын сақтаңыздар!
ШҚО ПД баспасөз қызметі