ІІМ алтыны: ШҚО ПД арнайы жасақ қызметкері бокстан Қазақстан чемпионы атанды

ІІМ алтыны: ШҚО ПД арнайы жасақ қызметкері бокстан Қазақстан чемпионы атанды

ІІМ алтыны: ШҚО ПД арнайы жасақ қызметкері бокстан Қазақстан чемпионы атанды

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің бокстан өткен чемпионатында ақтық сындар мәресіне жетті. Жарыста Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің қызметкері Нығметолла Молдашев жарқын жеңіске қол жеткізді. 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде арнайы жасақ қызметкері турнирдің алтын медалін иеленді.

Чемпиондыққа апарар жол оңай болған жоқ. Арнайы жылдам қимылдайтын жасақ жауынгері төрт тартысты жекпе-жек өткізіп, әрқайсысында дайындығының жоғары деңгейін, қайсар мінезі мен нағыз спорттық рухын көрсете білді. Нығметолла Молдашев барлық кездесуді сенімді жеңіспен аяқтап, өз шеберлігі мен көшбасшылық қасиетін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Нығметолла Молдашев — Қазақстан Республикасының спорт шебері. Ол ШҚО Полиция департаментінің арнайы жылдам қимылдайтын жасағына 2024 жылдың қазан айында қабылданып, қатарға қосылды. Спортшының қоржынында республикалық жарыстардағы жеңістер мен халықаралық турнирлердегі тәжірибесі бар, бұл оған ІІМ чемпиондық титулына апарар жолдан сенімді өтуге мүмкіндік берді.

ШҚО ПД қызметкерінің жеңісі — қажырлы дайындықтың, жоғары жауапкершіліктің және жетістікке ұмтылудың лайықты нәтижесі. Бұл табыс Шығыс Қазақстан полициясының арнайы жасақ қызметкерлерінің кәсіби және спорттық дайындығының қаншалықты жоғары екенін көрсетті.

 

ШҚО ПД баспасөз қызметі