Қуаныш пен қауіпсіздік мерекесі: ШҚО ПД қызметкерлерінің балаларына арналған жарқын шара ұйымдастырылды

Қуаныш пен қауіпсіздік мерекесі: ШҚО ПД қызметкерлерінің балаларына арналған жарқын шара ұйымдастырылды

Қуаныш пен қауіпсіздік мерекесі: ШҚО ПД қызметкерлерінің балаларына арналған жарқын шара ұйымдастырылды

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті қызметкерлердің балаларына ерекше мерекелік шара сыйлады. Бұл күні ведомствоның 130-дан астам бүлдіршіні шаттыққа толы атмосфераға бөленіп, ата-аналарының маңызды әрі жауапты қызметімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды.

Іс-шараның басты ерекшелігі – полицияның арнайы техника көрмесі болды. Балалар «Арлан» және «Тигр» броньды көліктерін қызығушылықпен тамашалап, полиция қызметкерлерінің арнайы жабдықтарын киіп көріп, қызметтік автокөліктердің тізгініне отырып естелік суретке түсті. Сонымен қатар, аниматорлар, алып қуыршақтар, аквагрим және шығармашылық қойылымдар мерекенің көркін арттырып, саябақты нағыз қуаныш мекеніне айналдырды.

Мерекелік шара барысында Жеке құраммен жұмыс басқармасының бастығы, полиция полковнигі Баяндинов Марат Бексолтанұлы балаларды мерекемен құттықтап, оларға бақытты балалық шақ, зор денсаулық, жарқын болашақ пен бейбіт өмір тіледі. Ол өз сөзінде балалар – әрбір ата-ананың ең үлкен бақыты мен мақтанышы екенін ерекше атап өтті.

Ресми бөлімнің қорытындысында кішкентай қонақтарға естелік сыйлықтар табысталып, бұл олардың мерекелік көңіл күйін одан әрі көтере түсті.

Аталған іс-шара полиция қызметкерлерінің қатал қызметтік формасының артында ел болашағына бейжай қарамайтын, отбасы құндылықтарын жоғары бағалайтын мейірімді жандар тұрғанын тағы бір мәрте көрсетті.

 

ШҚО ПД баспасөз қызметі