
Абай облысының жас дзюдошысы ШҚО ПД арнайы жүлдесіне ие болды
Өскемен қаласындағы Жекпе-жек сарайында 2009–2010 жылғы жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жанаділ Атаевтың жүлдесіне арналған республикалық дзюдо турнирі өтті.
Жарыстың құрметті қонағы ретінде 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, Қазақстан дзюдо федерациясының вице-президенті Асхат Житкеев қатысты. Ол турнирге қатысушыларға қолдау білдіріп, елімізде балалар мен жасөспірімдер спортын дамытудың маңыздылығын атап өтті.
Турнир аясында Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті бастығының «Үздік әдіс» номинациясы бойынша арнайы жүлдесі тағайындалды. Бұл марапатқа 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Абай облысының спортшысы Акежан Юсупжан ие болды. Жүлдені оған ШҚО ПД Арнайы және кәсіби даярлық басқармасының бастығы, полиция полковнигі Нұрлан Қуатбеков табыстады.
Спорттық іс-шара барысында ШҚО ПД Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы мен Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері турнир қатысушылары мен қонақтары арасында профилактикалық жұмыстар жүргізді. Полицейлер ақпараттық жадынамалар таратып, интернет-алаяқтықтың кең таралған тәсілдері, киберқауіптерден қорғану жолдары туралы түсіндіріп, сондай-ақ есірткі заттарын қолданудың зияны мен құқықтық салдары жөнінде еске салды.
Турнир спорттық жетістіктер алаңы ғана емес, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды іс-шараға айналды.
ШҚО ПД баспасөз қызметі