Шығыс Қазақстан облысында ең мерген полицейлер анықталды

Шығыс Қазақстан облысында ең мерген полицейлер анықталды

Шығыс Қазақстан облысында ең мерген полицейлер анықталды 

ШҚО Полиция департаментінің оқу-жаттығу базасында жауынгерлік қарудан ату бойынша облыстық чемпионат өтті. Атыс алаңында өңірдің қала және аудан бөлімдерінен келген үздік қызметкерлер бас қосып, өздерінің жоғары деңгейдегі атыс даярлығын көрсетіп, республикалық жарыстарда облыс намысын қорғау үшін бақ сынасты.

Қатысушылар толық жауынгерлік жабдықта қызметтік қарулар — Макаров тапаншасы мен Калашников автоматын пайдаланып жаттығулар орындады. Әрбір дәл тиген оқ турнирлік кестедегі орындарға әсер етіп, жүлделі орындар үшін тартыс соңғы оққа дейін жалғасты.

Командалық есепте Риддер қалалық полиция бөлімінің командасы сенімді жеңіске жетті. Күміс жүлдені Өскемен қаласы ПБ Ертіс ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері иеленсе, үшінші орын Глубокое ауданы полиция бөлімінің командасына бұйырды.

Ерлер арасында Макаров тапаншасынан ату сайысы ерекше тартысты өтті. Ең үздік нәтижені полиция майоры Шалқар Белдеубаев көрсетті. Екінші орынды полиция капитаны Елдос Райымханов иеленсе, қола жүлдегер атанған полиция подполковнигі Темірбек Хасенов болды.

Әйелдер де жоғары шеберлік танытты. Сабырлылық пен мергендіктің үлгісін көрсеткен Риддер қаласының полиция капитаны Ирина Шатаева жеңімпаз атанды. Күміс жүлде Сындар Бақтыбаеваға бұйырса, үшінші орынды полицияның аға сержанты Самира Солтанғазина иеленді.

Калашников автоматынан ату сайысында да қатысушылар шеберліктерін дәлелдеуде қалыс қалған жоқ. Үздік мерген атағын Риддер қаласы ПБ патрульдік полиция взводының инспекторы, кіші лейтенант Нұрсұлтан Кенжеғалиев жеңіп алды. Күміс жүлдені Катонқарағай ауданынан келген полиция кіші сержанты Ерлік Мұратов еншілесе, үшінші орын Тарбағатай ауданынан полиция лейтенанты Еркебұлан Бақытбековке бұйырды.

Турнир қорытындысы бойынша ШҚО Полиция департаментінің құрама командасы жасақталып, ол құқық қорғау, күштік және арнайы органдар арасында өтетін Қазақстан Республикасы чемпионатында өңір намысын қорғайды. Жарыс 18–19 маусым күндері Талдықорған қаласында өтеді.

Енді облыстың ең мерген қызметкерлері республикалық деңгейде өз шеберліктерін дәлелдеп, Шығыс Қазақстанның абыройын асқақтатуға дайындалуда. 

 

ШҚО ПД баспасөз қызметі