
Бейбіт күннің батырлары: «Жас сақшы» сыныбына ерлік сабағы өтті
Халықаралық мұражай күні қарсаңында Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінде «Жас сақшы» полиция сыныбының оқушылары үшін нағыз ерлік пен қызметтік борышқа адалдықты көрсеткен «Ерлік сабағы» өтті.
Кездесу қонақтары патрульдік полиция батальонының қызметкерлері — полиция аға лейтенанты Айхат Әміртай мен полиция кіші лейтенанты Самат Наменов болды.
Іс-шара барысында мұражай меңгерушісі Бақытгүл Төбиқызы оқушыларды полицейлердің ерлік оқиғасымен таныстырып, кейін қызметкерлер өздерінің естерінде мәңгіге қалған оқиға туралы әңгімеледі.
2026 жылдың 9 қаңтарында қаланы патрульдеу кезінде экипаж қою түтінге оранған тұрғын үйге бірінші болып жеткен. Төтенше жағдай қызметін күтпестен, полицейлер дереу түтін басқан подъезге кірген. Өз өмірлерін қатерге тіге отырып, олар екі зардап шегушіні көтеріп сыртқа алып шықты, содан кейін көрші пәтерлердің тұрғындарын жедел эвакуациялап, болуы ықтимал қайғылы жағдайдың алдын алды.
Оқушылар төтенше жағдайда әр секундтың маңызы зор екенін, ал кешігудің құны адам өмірімен өлшенетін сәттерде шешімнің қалай қабылданатынын батырлардың өз аузынан естіді.
Көрсеткен батылдығы, жанқиярлығы және қызметтік борышқа адалдығы үшін Айхат Әміртай мен Самат Наменов «Жауынгерлік ерлігі үшін» мемлекеттік медалімен марапатталды.
Кездесу оқушыларға ерекше әсер қалдырып, олар үшін жауапкершілік, отансүйгіштік және адамдарға көмекке келуге әрдайым дайын болудың маңызды сабағына айналды. Бейбіт заман батырларының оқиғасы жас сақшыларға полиция қызметі тек кәсіби білім мен тәртіпті ғана емес, сонымен қатар нағыз рух пен қайсарлықты талап ететінін айқын көрсетті.
ШҚО ПД баспасөз қызметі