Ерлік пен жауапкершілік мамандығы: ШҚО полициясы «Мамандық Pro-Fest 2026» алаңында

Ерлік пен жауапкершілік мамандығы: ШҚО полициясы «Мамандық Pro-Fest 2026» алаңында

Ерлік пен жауапкершілік мамандығы: ШҚО полициясы «Мамандық Pro-Fest 2026» алаңында

Бүгін Өскемен қаласындағы «Maxi Mall» сауда ойын-сауық орталығының алаңында Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің жеке құраммен жұмыс басқармасының қызметкерлері «Мамандық Pro-Fest 2026» жалпы қалалық бос жұмыс орындары мен мамандықтар жәрмеңкесіне қатысты.

Іс-шараның басты мақсаты – жастар мен түлектерді Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарындағы қызметпен, кәсіби өсу мүмкіндіктерімен және ІІМ ведомстволық оқу орындарына түсу шарттарымен таныстыру болды.

Шара аясында тақырыптық көрме ұйымдастырылып, онда қызметтік киім үлгілері, ведомстволық рәміздер, айырым белгілері, сондай-ақ қызметке орналасу және Қазақстан Республикасы ІІМ білім беру ұйымдарында оқу туралы ақпараттық материалдар ұсынылды.

Полицияның көрме алаңы жәрмеңкеге қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды.
Қызметкерлер жастарға үміткерлерді іріктеу тәртібі, әлеуметтік кепілдіктер, мансаптық өсу мүмкіндіктері және ішкі істер органдарындағы қызметтің ерекшеліктері туралы жан-жақты түсіндірді.

Кездесу барысында полицей мамандығының маңыздылығына, патриотизм, жауапкершілік және қоғамға қызмет ету қағидаттарына ерекше назар аударылды. Тәртіп сақшылары полициядағы қызмет жоғары тәртіпті, іске адалдықты және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге дайын болуды талап ететінін атап өтті.

Өткізілген іс-шара Шығыс Қазақстан облысы жастарының құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге және мемлекетке қызмет етуге бағытталған мамандықтарға деген қызығушылықтың жоғары екенін көрсетті.

 

ШҚО ПД баспасөз қызметі