
Киберсауаттылық — цифрлық қауіпсіздіктің негізі
Бүгін М. Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау оқу орталығында орталық тыңдаушыларымен заманауи қоғамдағы өзекті тақырыптардың бірі — киберқылмысқа қарсы іс-қимыл мәселесіне арналған кездесу өтті.
Іс-шара барысында ШҚО ПД Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция капитаны Нұрай Арыстанбек қатысушыларға интернет-алаяқтардың әрекет ету тәсілдерін жан-жақты түсіндіріп, цифрлық қылмыстардың құрбаны болмаудың практикалық жолдарын көрсетті.
Кездесу аясында интернет-алаяқтық, дропперлік және цифрлық гигиена мәселелері, сондай-ақ әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі қауіпсіздіктің негізгі қағидалары қарастырылды.
«Біздің міндетіміз — цифрлық сауаттылық деңгейін арттырып, интернет кеңістігіндегі ықтимал қауіптер туралы ескерту. Интернетте жасалған әрбір әрекет назардан тыс қалмайды, ал заңсыз әрекеттерге қатысу міндетті түрде жауапкершілікке әкелетінін түсіну маңызды», — деп атап өтті киберполиция өкілі.
Мұндай профилактикалық кездесулер цифрлық қауіпсіздік мәселелері бойынша ақпараттандыру деңгейін арттырып, заманауи технологияларды жауапкершілікпен пайдалануға ықпал етеді.
ШҚО ПД баспасөз қызметі