Жыл басынан бері ШҚО-да 300-ден астам азаматтықтан айырылу дерегі тіркелді

Жыл басынан бері ШҚО-да 300-ден астам азаматтықтан айырылу дерегі тіркелді

Жыл басынан бері ШҚО-да 300-ден астам азаматтықтан айырылу дерегі тіркелді

Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің көші-қон қызметі азаматтыққа қатысты заңнама талаптарының бұзылу фактілерінің жолын кесу бағытында тұрақты түрде жұмыс жүргізуде.

Жыл басынан бері Қазақстан Республикасы азаматтығынан айырылудың 300-ден астам дерегі тіркелген. Олардың басым бөлігі көршілес мемлекеттің азаматтығын алуға байланысты.

Заңнама талаптарын бұзғаны үшін 18 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 14 азамат шетел азаматтығын алғаны туралы белгіленген мерзімде хабарламаған, тағы 4 адам азаматтығынан айырылғанына қарамастан Қазақстан Республикасы азаматының құжаттарын пайдалануды жалғастырған, – деді ШҚО ПД Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Ринат Шкибаев.

Мысалы, көші-қон қызметінің қызметкерлері 2026 жылдың наурыз айында басқа мемлекеттің азаматтығын алған ерлі-зайыптыларды анықтады. Алайда олар бұл туралы уәкілетті органдарға уақытылы хабарламаған.

Құқықбұзушылардан Қазақстан Республикасы азаматтарының құжаттары тәркіленіп, азаматтықтан айырылуы тіркелді. Осыдан кейін олар ел аумағынан шығарылды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, оларға Қазақстан Республикасына бес жыл мерзімге кіруге тыйым салынды.

ШҚО Полиция департаментінің көші-қон қызметі Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, елімізде қос азаматтыққа жол берілмейтінін еске салады. Полицейлер азаматтарды заң талаптарын қатаң сақтауға және азаматтық ауысқан жағдайда мемлекеттік органдарға дер кезінде хабарлауға шақырады.

 

ШҚО ПД баспасөз қызметі