
Киберқауіпсіздік — басты назарда: полиция футбол жанкүйерлерімен профилактикалық жұмыс жүргізді
Футбол матчы — бұл тек эмоция мен жанкүйерлік рух қана емес, сонымен қатар азаматтарға цифрлық әлемдегі қауіпсіздік туралы еске салудың тамаша мүмкіндігі.
Кешегі «Восток» стадионында өткен «Алтай» - «Ордабасы» матчында ШҚО ПД Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Өскемен қаласы Полиция басқармасындағы әріптестерімен бірлесіп ауқымды профилактикалық акция өткізді.
Киберполицейлер трибуналарды ашық әрі пайдалы ақпарат алаңына айналдырып, әрбір жанкүйерге интернет-алаяқтардың ең қауіпті айлалары туралы мәлімет берді. Олар азаматтарға банктік шоттарды қорғау бойынша практикалық кеңестер жазылған жадынамаларды таратып қана қоймай, фишингті қалай тануға және алаяқтардың арбауына түспеуге болатынын жеке түсіндірді.
Әңгімелесу барысында тәртіп сақшылары тұрғындарға цифрлық әлемдегі басты қорғаныс — жеке сақтық пен сыни ойлау екенін еске салды. Дәл осы қасиеттер киберқылмыскерлердің әрекетіне қарсы ең сенімді тосқауыл бола алады.
Шығыс Қазақстан облысының полициясы халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру бағытындағы жұмыстарын белсенді түрде жалғастыруда. Біз сіздердің демалыстарыңыздың тек қызықты ғана емес, қауіпсіз болуы үшін бар күшімізді саламыз!
ШҚО ПД баспсөз қызметі