
ШҚО полицейлері батылдығы мен ерлігі үшін Президенттің жоғары наградаларымен марапатталды
Отан қорғаушылар күні қарсаңында Шығыс Қазақстан облысы полиция қызметкерлері қызметтік борышына адалдығы, жанқиярлығы мен көрсеткен батылдығы үшін Қазақстан Республикасы Президентінің атынан берілетін жоғары мемлекеттік наградалармен марапатталды.
ШҚО ПД Өскемен қалалық Полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары, полиция подполковнигі Өмірбекұлы Руслан «Айбын» орденімен марапатталды.
Ол Өскемен қалалық ауруханасында кепілге алынған адамды босату кезінде көрсеткен кәсібилігі мен ерлігі үшін жоғары мемлекеттік наградаға ие болды. Полиция подполковнигі өз өмірін қатерге тіге отырып, медицина қызметкерінің алқымына қолдан жасалған өткір затты тақап, тұтқында ұстаған сотталушымен келіссөзге түсті. Оңтайлы сәтті пайдаланып, ол қаскөйді құрықтап, кепілдегі әйелді босатты. Осылайша, болуы мүмкін қайғылы жағдайдың алдын алды.
«Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталғандар:
• Өскемен қалалық ПБ патрульдік полиция батальонының қызмет инспекторы, полиция аға лейтенанты Әміртай Айхат;
• Өскемен қалалық ПБ патрульдік полиция батальонының қызмет инспекторы, полиция кіші лейтенанты Наменов Самат.
Аталған қызметкерлер бұл мемлекеттік наградаларға 2026 жылғы 9 қаңтарда Өскемендегі көпқабатты үйлердің бірінде болған өрт кезінде адамдарды құтқаруда көрсеткен ерліктері үшін алды. Қою түтін мен өмірге төнген нақты қауіпке қарамастан, полицейлер отқа оранған пәтерге кіріп, кәмелетке толмаған баланы құтқарды. Содан кейін ес-түссіз жатқан ер адам мен әйелді қауіпті жерден алып шығып, жедел жәрдем бригадасына тапсырған.
Олардың бұл әрекеті нағыз батылдықтың және Антқа адалдықтың үлгісі болды, ал мемлекеттік наградалар — ішкі істер органдары қызметкерлерінің кәсібилігі мен ерен еңбегінің лайықты бағасы.
ШҚО ПД баспасөз қызметі