
Бейбіт күн үшін алғыс: ардагерлерге көрсетілген құрмет
9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні қарсаңында Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің госпиталінде «Ашық есік күні» кең көлемде атап өтілді. Жыл сайын өткізілетін бұл шара медицина қызметкерлері мен ішкі істер органдары ардагерлерінің басын қосып, аға буынға деген шексіз құрмет пен шынайы қамқорлықтың символына айналды.
Акция аясында ардагерлер білікті дәрігерлердің қабылдауында болып, кешенді тексеруден өтті. Оларға қажетті амбулаторлық және стационарлық ем көрсетіліп, денсаулық жағдайына толық диагностика жасалды.
Денсаулығына байланысты госпитальге келе алмайтын қарияларға ерекше көңіл бөлінді: жеке құраммен жұмыс басқармасымен бірлесе отырып, медициналық көмек үйлеріне дейін ұйымдастырылды. Ақ халатты абзал жандар әр ардагердің шаңырағына барып, қан талдауларын алып, ЭКГ түсіріп қажетті кеңестерін берді. Осылайша, әрбір ардагер кәсіби көмекпен қатар, адамгершілік жылуын сезінді.
Бұл игі дәстүр госпиталь қабырғасында жыл сайын жалғасын тауып келеді. Біз үшін бұл жай ғана медициналық жұмыс емес, бұл — Ұлы Отан соғысы жылдарында көрсеткен ерліктері мен жанқиярлық еңбектері үшін оларға іспен «рақмет» айту мүмкіндігі.
Батырларымыздың денсаулығын сақтау — олардың ұлы ерлігіне деген біздің жүрегіміздегі шексіз алғыстың бір парасы ғана.
ШҚО ПД баспасөз қызметі