
Қызмет ету және үлгі болу: ШҚО ПД-да Ант қабылдау және үздік қызметкерлерді марапаттау рәсімі өтті
Бүгін Өскемен қаласындағы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы саябақта 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Осынау айтулы күні Департамент қатарын толықтырған 30 жас офицер Отанға, Заңға және халыққа адал болуға салтанатты түрде ант берді.
Жиынды ашқан ШҚО ПД бастығының міндетін атқарушы Болат Нұрсейітов жас буынға арнаған сөзінде былай деп атап өтті:
«Ант беру – бұл жай ғана ресмилік емес, бұл сіздердің кәсіби тағдырларыңызды айқындайтын маңызды қадам. Заңға деген құрмет әрқайсымыздың ісімізден басталады. Әрқашан Антқа адал болыңыздар және халыққа жақын қызмет етіңіздер!»
Сондай-ақ, іс-шара аясында мінсіз қызметімен көзге түскен тәжірибелі қызметкерлер мемлекеттік марапаттармен мадақталды. Бұл — кәсіби жолын жаңа бастаған жас мамандар үшін нақты үлгі мен бағдар.
Тәжірибесі мен тәлімгерлігі жас қызметкерлердің қалыптасуында маңызды рөл атқаратын аға буын өкілдерінің қатысуы шараның маңыздылығын арттыра түсті. Аға буынның атынан ПД Тәлімгерлер кеңесінің төрағасы Дәурен Мұқанов жас қызметкерлерді құттықтады:
«Бүгін сіздер саналы түрде таңдау жасап, өмірлеріңізді полиция мамандығына және халыққа қызмет етуге арнадыңыздар. Қызметтеріңіз адал, ал қабылдаған шешімдеріңіз әділ болсын. Кез келген жағдайда адамдық қасиеттеріңізді сақтаңыздар. Мереке құтты болсын!»
Мерекелік көңіл-күйді №35 мектептің «Жас сақшы» кішкентай полицейлері мен Департаменттің ерлер квартеті патриоттық әндермен толықтырып, шараға ерекше рух пен салтанатты сипат берді.
Бұл іс-шара ұрпақтар сабақтастығының, қызметтік дәстүрлерді нығайтудың және таңдаған жолға деген адалдықтың символына айналды.
Мереке құтты болсын! Заң мен халыққа қызмет ету – біздің ортақ борышымыз!
ШҚО ПД баспасөз қызметі